Танымал ресейлік «Голос. Дети» шоуының ақтық кезеңі жақындап келеді. Ән байқауында оралдық оқушы Ержан Максим де жеңімпаз атануы мүмкін. 11 жасар әнші көпшіліктен өзіне қолдау білдіруді сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Талай жас әншінің бағын жаққан танымал шоудың ақтық кезеңі 26 сәуірде өтеді. Финалға қазақстандық Ержан Максим де жолдама алған.
«Көпшіліктің мені қолдап, уайымдап жүргенін білемін. Бәріңізге алғыс білдіремін! Менде бәрі жақсы. 26 сәуірде «Бірінші арнаның» тікелей эфирінде өтетін ақтық кезеңге дайындалудамын. Дауыс беру сол күні кешке басталады. Дәл осы күні маған сіздердің даусыңыз бен қолдауыңыз ауадай қажет. Бәріңізді жақсы көремін», - деп жазды Ержан Instagram желісінде.
Өз кезегінде желі қолданушылары жас әншіге сәттілік тілеп, ақжарма тілектерін жаудырды. Ержанға тілек білдірушілер қатарында, қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де бар.
«Ержан, сәттілік тілеймін! Саған дауыс беру үшін, сол күнді күтіп жүрміз. Біздің отбасымыз – мен, Екатеринбургтен, анам, ағам мен інім – Оралдан, үлкен ұлым – Мәскеуден, кіші ұлым – Норвегиядан және бүкіл достарым. Күтеміз. Сәттілік!», «Құрметті оралдықтар, қазақстандықтар, дарынды қатысушы Ержан Максимге дауыс берейік! Жеңіске жетуін тілейміз», «Ержан, әрине саған дауыс береміз. Сен – бәрі бір бәрінен мықтысың және қазірден-ақ жеңімпазсың. Сені мәскеуліктер жақсы көріп кетті, таныстарымның бәрі саған тамсануда. Сен – дарынды және өте жақсы баласың», - деп жазды пікір қалдырушылар.
Айта кетсек, Ержан Максим ресейлік "Голос. Дети" шоуында өнер көрсетіп, қазыларды тәнті еткен еді. Ол жартылай финалда өнер көрсетіп жатқанда, студиядағы стакан сынып кеткен болатын. Өнеріне риза болған Валерий Меладзе Ержанға "Айналайын" деп тамсанған-ды.
Add new comment