Танымал тележүргізуші, қазірде "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек қайтыс болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Қарекет" бағдарламасының редакторы Ақжелең Рахатдинқызы растаған.
"Ағамыздың дүниеден өткенін өзіміз жаңа таңертең естідік. Ол қатерлі ісікпен ауырған еді, бір жылдан аса емделді", - дейді Ақжелең Рахатдинқызы.
Тележүргізуші сырқаттанып жүргенін Instagram-парақшасындағы соңғы жазбасында мәлімдеген еді.
"Халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым", - деп жазған еді Бейсен Құранбек.
Еске салайық, былтыр желтоқсанның аяғында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Бейсен Құранбек ауыр дертке шалдықты деген хабар тараған еді.
Ал былтыр ақпанда тележүргізуші асқазан жарасы шығып, дәрігерлердің оны екінші рет аман алып қалғанын Instagram желісінде жазған болатын.
Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы еліміздегі бірқатар республикалық телеарнада қызмет атқарған.
"Жұлдыз ФМ" ұжымы Бейсен Құранбектің отбасына, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады!
Жаңа пікір қосу