Қазақстанға еңбек сіңірген әнші Бағдат Сәмединова елімізде "халтурщик" әншілердің көбейіп кеткенін ашып айтты деп жазады Sputnik Қазақстан.
Әнші сахнада кәсіби деңгейі төмен әншілердің көбейіп кеткеніне қынжылды.
"Фонограммамен ән айтуға тыйым салу заңы өнер адамдарына қажет. "Өнерде өсемін, болашағым бар" дейтін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын әнші міндетті түрде табиғи дауыспен айтуы шарт. Кәсіби әншілер бар. Бірақ "халтурщик" әншілердің үлесі басым. Сахнада кәсіби емес әншілер толып жүр. Сондықтан халық әншілер тек фонограммамен ән айтады деген пікірде", - дейді Бағдат Сәмединова.
Оның айтуынша, кеңес үкіметі тұсында әншілерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, жоғары талап қойылған.
"Мемлекет тарапынан бақылау болды. Көркемдік кеңес жұмыс істеді. Сол кеңестен өткен әнші ғана сахнаға шығуға рұқсат алды. Ал қазір заман басқа, әркімнің еркі өзінде", - дейді өнер иесі.
Сондай-ақ әнші тойға шығатын әншілерді түсінетінін, ол жерде табиғи дауыста ән айту мүмкін еместігін атап өтті.
"Той мен концерттік бағдарламалардың әндері бөлек болуы керек. Әндерді сұрыптап отыратын көркемдік кеңес қажет. Үлкен сахнада тойда айтылатын әндердің шырқалуына қарсымын.
Халықты жаман үйретіп алдық. Кей кездері қайда отырғанымызды білмей қаламыз", - деп түйіндеді сөзін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.
Жаңа пікір қосу